Бүгін Қаратөбе ауданында «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалының ХVII кезектен тыс конференциясы өтті. Конференция жұмысын партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов жүргізді.

Алқалы басқосуда алдымен мандаттық, есептік комиссиялары және хатшылық құрамы толық сайланды. Конференцияның күн тәртібінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы негізінде ауданда жүзеге асырылған жұмыстар туралы және «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының кезектен тыс ХХІ облыстық конференциясына делегаттар сайлау мәселелері қаралды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ауданда жүзеге асырылып жатырған оңды істерді аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұржамал Берниязова баяндап берді. Күн тәртібінде көтерілген мәселе бойынша талқылауға жазылған Аққозы ЖОББ мектеп-балабақшасының директоры Айгүл Айтқалиева, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының директоры Асхат Тойшыбаев Елбасы мақаласының басым бағыттары бойынша пікір білдірді.

Конференция барысында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалдың Қаратөбе ауданы бойынша кураторы Баянбек Ғұмаров партияның басым бағыттары бойынша облыста атқарылған шаруаларға тоқталды. 
Жиналыс соңында «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс ХХІ облыстық конференциясына Қаратөбе ауданынан 8 делегат сайланды.

Серікбай ХАСАНОВ, Қаратөбе ауданы