Қыркүйектің 26-сы күні Қаратөбе ауданына қызмет сапарымен келген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Гүлнұр Мырзақаева жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу қағидаларына сай түсінік жұмыстарын жүргізді.

Аталмыш мәжіліске ауданның білім беру, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік және басқа да салаларының жауапты мамандары қатысты.
««Қазақстан-2050» стратегиясын» жүзеге асыру аясында «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» жасақталып, қабылданған болатын. 

Бұл стратегияның мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын дамыту, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік атмосферасын қалыптастыру және елімізде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа барлық қоғам мүшелерін тарту болып табылады. Бұл орайда, 2016 жылдан бастап жаңа «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы әрекет етеді. Бұл заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетке әртүрлі институттар арқылы қоғамның барлық өкілдері қатыстырылады. 

Соның ішінде мемлекеттік органдармен жүргізіліп отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл іс-шараларының ішінен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау институтына назар аударсақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу қағидалары Агенттік Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген. 

Талдау субъектісі басшысының шешімі негізінде жүргізілетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау – бұл мемлекеттік органның өз қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуінің кепілі. Мақсат – мемлекеттік көрсетілетін қызмет алу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету.

Ішкі талдау жүргізу кезінде пайдаланылатын ақпарат көздері – бұлар: бөлімше қызметіне қатысты нормативтік құқықтық актілер; бұрын жүргізілген тексерістер нәтижелері; БАҚ-тағы жарияланымдар; бөлімшеге келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдары; прокурорлық қадағалау актілері; сот актілері, және ҚР заңнамасына қайшы келмейтін өзге де мәліметтер.Осылайша, мекеме қызметінің жан-жақты әрі толық талдануы қамтамасыз етіледі. 

Ішкі талдау қорытындысы бойынша талдамалық анықтама дайындалады, бұл анықтамада анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, оларды жою жөнінде ұсыныстар, бұл ұсыныстарды орындау мерзімдері белгіленіп көрсетіледі»,- деді күн тәртібіндегі мәселе бойынша түсінік берген аталмыш басқарманың бас маманы Гұлнұр Мұратқызы. 

Ерболат РАЙСОВ, Қаратөбе ауданы