25-26 тамыз күндері Қаратөбе аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде даңқты палуан, қазақ күресінен тұңғыш абсолюттік чемпион Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған қазақ күресінен ІІІ республикалық турнирі өтті.

Өнердің отын үрлеген Қаратөбе өлкесі тарихта ортан жілікті ортасынан бөліп, қарсы келгенін алып жығатын балуандарымен де көпке таныс. 
Соның ішінде аты алысқа кеткен республикамыздың тұңғыш абсолюттік чемпионы Еңсеп Досқалиевтің есімі тарих төрінде алтын әріптермен жазулы. 
Баба рухына арналып үшінші мәрте өткен турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Жанат Асантаев додаға қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
Қазақ күресі өнерінде талай белестерді бағындырып, республикамыздың тұңғыш теңдессіз (абсолюттік) чемпионы атанған Еңсеп бабамыздың есімі еш ұмытылмақ емес.
- Ұлттық спорт қазақ күресін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан спорт саңлағының өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық.
Бұл жарыс Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында өтуде, - дейді БҚО дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.
Республикалық деңгейде бірнеше рет өткізілген Еңсеп бабамыздың турниріне Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысының атынан және Бөкей ордасы, Қазталов, Бөрлі, Сырым, Қаратөбе аудандарынан 80-ге жуық таңдаулы спортшылар қатысып, 8 салмақ дәрежесі бойынша жүлделі орындардан көрінуге бақ сынасты. 
Белдесулердің соңғы сәттерін тағатсыздана күткен спортсүйер жанкүйерлерге күрестің нағыз үлгісін көрсеткен палуандар боз кілемнің шаңын қақты. 
Турнир қорытындысы бойынша 55 келі салмақ дәрежесінде қаратөбелік Шүрмен Бауыржан топ бастап жүлделі І орыннан көрінді. Ал 60 келі салмақ дәрежесі бойынша Мағжан Серіков (Қаратөбе ауданы) жеңімпаз атанса, 66 келі салмақта Нұрдәулет Жәрдемовке (Орал қаласы) тең келер ешкім болмады. Сырым ауданының намысын 74 келі салмақта қорғаған Айбол Оразғалиев жеңімпаз болса, 82 келіде Дулат Байгенов (Атырау облысы) қарсыластарын ойсырата ұтты. Жоғары салмақ дәрежесі болып саналатын 90 келі салмақта Нұрымжан Ғаббасов (Сырым ауданы) ешкімге дес бермесе, 100 келіде өнер көрсеткен Чингиз Шоқпытов (Ақтөбе облысы) жеңімпаз атанды. Ал 100 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша ақтөбелік Нұрсұлтан Иманғазиннің бәсі бәрінен жоғары болды. 
Жарыстың шешуші сәті болып саналатын «Түйе палуандыққа» таласу өздеріне сенімді, сайдың тасындай іріктелген 13 палуан арасында өтті. 
Бірін-бірі таза жеңіспен де, ұпай сандарымен де жеңіп жатқан палуандар аянып қалмады. Жанкүйерлер кей сәттерде өздері сенім артқан палуандары ұтылғанына өкініш те білдіріп жатты.
Соңғы белдесуде қарсыласын бас-аяғы екі минут отыз секундта таза жеңген ақтөбелік палуан Нұрсұлтан Иманғазин баба турнирінің «Түйе палуаны» атанып, бас жүлдеге тігілген 250 мың теңгені иемденді. Ал қарсыласынан айласын асыра алмаған Қазталов ауданының атынан шыққан Ерназар Хамзин ІІ орынды, бөрлілік Темірлан Көлбай ІІІ орынды қанағат тұтты.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
Серікбай ХАСАНОВ, 
Қаратөбе ауданы

Асқар НҰРҒАЛИЕВ,
бас төреші:
- Әйгілі палуан, киелі Қаратөбе өлкесінің перзенті, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза болған Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған ІІІ республикалық турнир өз деңгейінде өтті. 
Айтулы додаға көршілес Атырау, Ақтөбе облыстарынан және Батыс Қазақстан облысынан 80-ге тарта палуан қатысып, өз бақтарын сынады.
Турнирді ұйымдастырдастырушы аудан әкімдігіне және қаратөбелік спорт жанашырларына қазақ күресінен атағы жер жарған палуан Еңсеп Досқалиевтің күрес өнеріндегі еңбегін дәріптеп, келешек ұрпаққа мұра ету, қазақ күресін кеңінен насихаттау мақсатында республикалық дәрежедегі үшінші рет оздырылған турнирді ойдағыдай өткізгендеріне ризашылығымды білдіремін. 
Төрешілер әділ төрелік етті. 
Топырағынан Еңсептей атақты палуан шыққан қасиетті Қаратөбеде қазақ күресі жақсы жолға қойылған. Алдағы уақытта Қаратөбеден Еңсептей мықты палуан шығады деген ойдамын.
Нұрсұлтан ИМАНҒАЗИН,
түйе палуан:
- Қаратөбеде өткен бүгінгі турнир жоғары деңгейде өтті. «Түйе палуан» атағын жеңіп алғаныма қуаныштымын. 
Осыдан бұрын Сырым ауданында өткен турнирде ұтылып, жеңіске жете алмай қалдым. Бүгін қазақ күресінен тұңғыш абсолюттік чемпион Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған Қаратөбедегі ІІІ республикалық турнирде бағым жанды. 
«Қазақстан барысы» турниріне төрт рет қатыстым. Түрлі деңгейдегі сайыстардан құралақан болғаным жоқ. Қазақстан кубогын жеңіп алдым. Қазір Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласындағы балалар спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет етемін. Дзюдо, самбо және қазақ күресі бойынша ҚР спорт шеберімін.
Бүгінгі турнирдегі қарсыластарым осал болмады. Олардың сайысқа жақсы дайындықпен келгені көрініп-ақ тұрды. 
Жеңісіме ризамын, қуанышымда жек жоқ. Осындай жоғары деңгейдегі турнирді ұйымдастырушы қаратөбелік ағайындарға алғысым шексіз.