«Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі туралы үлгі ереже

1. Жалпы ережелер

Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі заңды тұлға мәртебесіне ие, ауылдық округі әкімінің қызметін ұйымдастыру, құқықтық, ақпараттық талдау, консультативтік және материалдық техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыру саласында (ларында) басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

2. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конститутциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, аудан әкімдігі қаулыларына, аудан әкімінің шешімдері мен өкімдеріне, ауылдық округі әкімі аппаратының жұмыс регламентіне,  өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарда шоттары болады.

4. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

5. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

6. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Жусандой ауылдық округі әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

7. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі құылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Жусандой ауылдық округі, Жусандой ауылы, Жамбыл көшесі, №19

9. Мемлекеттік органның толық атауы: «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты»  мемлекеттік мекемесі.

10. Осы Ереже «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.

11. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

2. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

12. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің  миссиясы:

«Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің  жұмыс регламентінің сақталуын қамтамасыз етеді;

13. Міндеттері:

Азаматтардың өтініштерін, арыздарын, шағымдарын қарайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнінде шаралар қолданады;

Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауға жәрдемдеседі;

Әкім аппараты әкімшісі болып табылатын бюджеттік бағдарламаларды әзірлеп, тиісті мәслихаттың бекітіуі үшін жоғары тұрған әкімдіктің тарауына енгізеді;

тұрғын үй қорының құрылысы мен жөнделуін, жолдарды пайдалану мен күтіп ұстауды ұйымдастырады;

шаруа (фермер) қожалықтарын ұйымдастыруға, кәсіпкерлік қызметті дамытуға жәрдемдеседі;

тарихи және мәдени мұраны сақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

табысы аз адамдарды анықтайды, жоғары тұрған органдарға еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі ұсыныс енгізеді, жалғызілікті қарттарға және еңбекке жарамсыз азаматтарға үйінде қызмет көрсетуді ұйымдастырады;

жергілікті әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына жәрдемдеседі;

қоғамдық көлік қозғалысын ұйымдастырады;

шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда ауруларды дәрігерлік көмек көрсетіп таяу жердегі денсаулық сақтау ұйымына дейін жеткізіп салуды ұйымдастырады; заңдарда  белгіленген тәртіпте нотариаттық іс-әрекеттер жасауды, азаматтық хал актілерін тіркеуді ұйымдастырады;

мектепке дейінгі ұйымдарды, мәдениет және спорт мекемелерін материалдық-техникалық қамтамасыз етуде қолдау көрсетеді және жәрдемдеседі;

елді-мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;

туысы жоқ адамдарды жерлеуді және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын тиісті қалпында күтіп-ұстау жөніндегі қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады;

Қазақстан Республикасының Президенті мен  Үкіметі актілерінің орталық және жергілікті мемлекеттік органдар нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын орындауына жәрдемдеседі;

өз құзыреті шегінде жер қатынастарын реттеуді жүзеге асырады;

өз құзыреті шегінде жалпыға бірдей әскери міндеттілік және әскери қызмет, азаматтық қорғаныс, сондай-ақ жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы мәселелер бойынша заңдардың орындалуын ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

жергілікті өзін-өзі басқару органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

шаруашылықтар бойынша статистикалық есепке алуды жүзеге асырады;

жергілікті бюджетті бекіту кезінде мәслихат сессияларының жұмысына қатысады;

көлікті және инженерлік инфрақұрылым обьектілерін пайдалануды ұйымдастырады, өз құзыреті шегінде су пайдалану мәселелерін реттейді;

басқаруына берілген аудандық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз мүліктік жалға (жалдауға) береді;

берілген коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсетілетін қызметтерінің) міндетті көлемдерін айқындайды;

берілген коммуналдық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді;

берілген аудандық коммуналдық заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асырады;

жергілікті атқарушы органның шешімімен бекітілетін, басқаруына берілген аудандық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның жылдық қаржылық есептілігін келіседі;

басқаруына берілген коммуналдық қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын белгілейді;

берілген аудандық коммуналдық мемлекеттік мекемелердің жергілікті бюджеттен қаржыландырылуының жеке жоспарларын бекітеді.

14. Құқықтары мен міндеттері:

жергілікті атқарушы органдардан, комитеттер мен басқармалардан қажетті ақпараттар алады, сондай ақ оларға орындауға міндетті тапсырмалар береді;

меншіктің барлық нысандарындағы кәсіпорындардан, мекемелер мен ұйымдардан қажетті ақпараттар,құжаттар, басқа да материалдар, округ әкімінің аппараты құзыретіне қатысты мәселелер бойынша ауызша және жазбаша  түсініктемелер сұратып алады;

мемлекеттік органдар қарамағындағы бар ақпараттық мәліметтер банкін пайдаланады;

округ әкімінің аппараты жүргізуге қатысты мәселелер жөнінде мемлекеттік емес органдармен қызметтік хат хабар алмасады;

Президент актілерінің, Үкімет қаулыларының, облыс әкімі, аудан әкімі шешімдері мен өкімдерінің орындалуына тексеру жүргізеді, анықталған  кемшіліктерді жою жөнінде шаралар алады;

Аудан әкіміне ведомостволық бағыныстағы комитеттің, бөлім меңгерушілерін қызметтен босату, сондай-ақ оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар енгізеді;

округ әкімінің тапсырмасы бойынша округтегі атқарушы органдар қызметкерлерін әкім аппаратының құзіретіне қатысты мәселелерді  шешуге қатысуға тартады;

Округ әкімі аппаратының мемлекеттік органдардан қажетті материалдарды, хабарларды табыс ету жөніндегі талабы, егер оның орындалуының басқа мерзімі белгіленбесе, ол заңда белгіленген мерзімде орындалуға жатады;

3. «Жусандой  ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі қызметін ұйымдастыру

15. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі басшылықты аудан әкімі аппаратынан жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады;

16. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысын аудан әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

4. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің мүлкі

17. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

«Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де  көздер есебінен қалыптастырылады.

18. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне бекітілген мүлік республикалық/коммуналдық меншікке жатады.

19. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе,  «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

20. «Жусандой ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Ескертпе:* Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сайлау комиссияларының бірыңғай жүйесіне басшылық ететін мемлекеттік орган, адам құқықтары жөніндегі уәкілетті органның қызметін ақпараттық талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзгелей де қамтамасыз ететін мемлекеттік орган, Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының жанындағы соттардың қызметін ұйымдастыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орган, мемлекеттік атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қорғау мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік орган.


Жусандой ауылдық округі әкімі - Қазиев Талап Айтмұханбетұлы 1962 жылы туған, білімі - жоғары, Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын бітірген, ғалым-зоотехник. Оқу бітірген соң 1986-1987 жылдары ҚазақССР 60 жылдығы атындағы совхоздың зоотехник-селекционері, 1987-1993 жылдары осы шаруашылықтың бас зоотехнигі, 1993-1995 жылдары №1 ферма меңгерушісі, 1995-1997 жылдары Жусандой өндірістік кооперативінің басшысы, 1997-1999 жылдары «Талапкер» өндірістік кооперативінің басшысы, 1999-2011 жылдары «Талапкер» шаруа қожалығының жетекшісі, 2011 жылдан бастап Жусандой ауылдық округінің әкімі қызметін атқаруда.

 

Жусандой округі ауданнан солтүстік-шығысқа қарай 30 км жерде, облыс орталығынан  250 км жерде орналасқан. Округтің жер аумағы 0,9 мың шаршы шақырым жерді алады және Шөптікөл, Қоскөл, Егіндікөл селолық округтерімен шектеседі. Табиғаты көкпек, бетеге, еркекшөп басым шалғынды қоңыр, сортаңдау қоңыр топырақты шөлейтті белдемеде орналасқан. Тұрғыны 1,4 мың адам. Ауа райы ыстық, құрғақ жаз және қысы салқын. Мал шаруашылығына қолайлы  округке Жусандой және Ханкөл елді-мекендері кіреді. Аумақта сонымен қатар 2 орта мектеп, 2 клуб, 2 кітапхана, 1 ауылдық дәрігерлік амбулатория және 1 фельдшерлік пункт жұмыс жасап тұр. Округ аумағында 200 орындық  «Асылмұрат» тойханасы халыққа сапалы қызмет көрсетуде және Жусандой ауылы орталығында «Кар -Тел» ЖШС арқылы биіктігі 39 метрлік мұнара қойылып, «Beeline» ұялы байланысы іске қосылып жұмыс жасап тұр.

     

Жусандой ауылдық советінің тарихы әріректен басталады.

Мұрағаттық деректер бойынша Жусандой елді мекені Сабынкөл болысына қараған. 1912 жылы шыққан «Памятная книжка и адрес календарь Уральской области» кітапшасында 01.01.1911 жылы Сабынкөл болысы бойынша 8 ауыл болған, олардағы халық саны - 10121 адам деген дерек бар.

1928 жылдың 17 қаңтарында Қаратөбе ауданы ең алғаш құрылғанда құрамына - Жақсыбай,  Қалдығайты, Сабынкөл, Байғұтты, Бұлдырты, Өлеңті болыстары енгізілген.

1940 жылдан бергі деректер бойынша Сабынкөл ауыл советіне Жусандой, Қоғалыкөл, Бесоба колхоздары қараған.

1952 жылы аталған колхоздар ірілендіріліп біріктіріліп Жамбыл колхозы атанған.

1957 жылы 26 сәуір күні Қазақ ССР Министрлер Советінің жарлығымен колхоздар жойылып, совхоз айналғанда Жамбыл колхозы Қоскөл совхозына, ал 1957 жылы 30 тамыз күні Қазақ ССР Жоғарғы Советі президумының шешімімен Сабынкөл ауыл советі Егіндікөл ауыл советіне қосылған.

1961 жылы Шөптікөл совхозы жаңадан құрылған кезде Жусандой елді мекенін Қоскөл совхозынан бөліп Шөптікөл совхозының бір бөлімшесі ретінде қалдырған.

1975 жылы 27 наурыз күні Орал облыстық атқару комитетінің шешімімен Шөптікөл совхозының негізінде Жусандой мал бордақылау бірлестігі құрылған, бірақ Шөптікөл селолық советінің қамтуында қалдырылған.

1983 жылы Жусандой мал бордақылау бірлестігі негізінде Жусандой селолық советі қайта құрылды.

1994 жылдың қаңтар айынан советтер қызметі тоқталып, ауылдық әкімшіліктер құрылады.

Мал шаруашылығы

Қазіргі таңда ауылшаруашылығы саласында жұмыс жасап жүрген 26 шаруа қожалығы бар. Округ аумағындағы шаруа қожалықтары иелігіндегі жерді тиімді пайдалану, шаруа қожалық есебіне мал салу бағытында біркелкі түсінік жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ресми есептегі 26 шаруа қожалығының қазіргі уақытта 23 қожалығы мал салып, жұмыстануда. Округ аумағындағы мал басын өз төлі есебінен өсіру, мал басын асылдандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді.

Округтегі ірі шаруа қожалықтарының бірі «Ақжол» шаруа қожалығы 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде 3 млн 600 мың теңге несие алып шаруа қожалығының материальдық-техникалық базасын нығайту бағытында жұмыстар жүргізді. Қожалық 3 МТЗ-82 жаңа трактор тіркемесімен, 2 шөпшапқыш, 1 шөп тайлағыш, 1 кун агрегаты мен жабдықталған. 2014 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты жаңа бизнес бастамаларды қолдау аясында өндірістік (индустриялық) инфрақұрлымды дамытуды мемлекеттік қолдау бойынша «Ақжол» шаруа қожалағы 2 млн 144 мың теңгеге терең ұңғымалы құдық қаздыру жұмысын қолға алып оң нәтижеге қол жеткізді. 2017 жылы Ақжол» шаруа қожалығы 30 бас асылтұқымды қашар, 1 бұқа, 15 қошқар алса,2018 жылы 5 бас Герофорд тұқымды  бұқасын алып мал тұқымын асылдандыру бағытында біркелкі нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. 2018 жылы Ақжол шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарламалар аясында күн сәулесі арқылы энергия беретін аппарат орнатып, 2 терең ұңғымалы құдық қаздырды. Қазіргі таңда «Ақжол» шаруа қожалығында 350 ірі қара, 860 қой-ешкі, 38бас  жылқы, есепке алынған.

Сондай-ақ округ аумағындағы «Думан» шаруа қожалығы 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде 7 млн 300 мың теңге несие алып шаруа қожалығының материальдық-техникалық базасын нығайту бағытында жұмыстар жүргізді. Атап айтқанда,  «Ұмтыл» қыстағы басына 2 жаңа тұрғын үй, 2 мал базы, монша, жазғы сарай құрылыстарын салды. Қожалық иелігінде 4 трактор , үшеуі жаңа МТЗ-82 , 4-тіркеме, 2 шөпшапқыш агрегат, 1 шөп тайлағыш, 1 стогомет тіркелген. Мал тұқымын асылдандыру бағытында 3 аталық бұқа, 10 қошқар сатып алып жұмыстануда. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты жаңа бизнес бастамаларды қолдау аясында өндірістік (индустриялық) инфрақұрлымды дамытуды мемлекеттік қолдау бойынша «Думан» шаруа қожалығы  7,5 млн тенге көлемінде қаражат алып, «Ұмтыл» қыстағына 1,2 км электр тарату  желілерін жүргізді. 2016 жылы  «Думан» шаруа қожалығы Қостанай қаласынан Әулиекөл асыл тұқымды  2 бас  бұқа, сол сияқты  мемлекеттік «Құлан» бағдарламасы шеңберінде 14 млн 100 мың теңгеге 50 бас жылқы алып жұмыстанса,  2017 жылы 2 бұқа,10 қошқар, 1 шөп шабу агрегаты (косилка) алып, 2018 жылы 3 Әулиекөл тұқымды бұқа, 1 МТЗ-82 тракторын алып техникалық базасын жаңартуда. Қазіргі таңда «Думан» шаруа қожалығы иелігінде 225 ірі қара, 658 қой-ешкі, 115 бас  жылқы, есепке алынған.

Сонымен қатар округ аумағындағы «Талапкер» шаруа қожалығында 3 жаңа трактор, 3 тіркеме, 2 шөп шабу агрегаты, 1 шөп тайлағыш, 1 стогомет есепке алынған. 2017 жылы «Талапкер» шаруа қожалығы 11 қошқар алса, 2018 жылы  3 бас Ангус тұқымды бұқа, алып мал тұқымын асылдандыру бағытында жұмыстар жүргізуде. Қожалық иелігінде қазіргі таңда 203, ірі қара, 564 қой, 34 жылқы бар.

«Сұлтанбек» шаруа қожалығында 3 трактор, оның 2-уі  жаңа трактор, 3 тіркеме, 1 прес, 1 стогомет, 1 шөп шабу агрегаты тіркелген. Шаруа қожалығы 4 асыл тұқымды бұқа, 21 асылтұқымды қошқар сатып алып, мал шаруашылығын өркендетуде нәтижелі еңбек етуде.  2018 жылы 3 асылтұқымды бұқа сатып алды, сонымен қатар  күн сәулесі арқылы энергия беретін аппарат орнатты. Қазіргі таңда «Думан» шаруа қожалығы иелігінде 222 ірі қара, 1180 қой-ешкі, 36 бас  жылқы, есепке алынған.

Округ  аумағында мал тұқымын түрлендіру, мал бордақылау алаңдарын, ауыл шаруашылық кооперативтерін құру бағытында кең көлемде ұйымдастыру, түсіндіру жұмыстары жұргізіліп нәтижесіндежеке тұрғындардың ауылшаруашылығы малдарын асылдандыру бағытында 2015 жылы  «Магжан-2» ауылшаруашылығы өндірістік  кооперативі құрылса, 2018 жылы  «Жусандыой» ауыл шараушылығы тұтыну кооперативі құрылды. Кооператив иелігінде 120 аналық 4 асылтұқымды бұқа бар.

Округ аумағындағы тұрғындар  иелігінде "1462" бас ірі қара, "4496" бас қой-ешкі, "310" бас жылқы малы, 745 құс бар. Есепті мерзім ішінде "516" бас бұзау, "1701" бас қозы-лақ, "87" бас құлын алынды.

Округ аумағындағы шаруа қожалығы иелігінде "1612" бас ірі қара, "4575" бас қой-ешкі, "323" бас жылқы малы, бар. Есепті мерзім ішінде "543" бас бұзау, "1614" бас қозы-лақ, "75" бас құлын алынды.

Шағын және орта бизнес

Округ аумағында аудандық салық басқармасына тіркеліп, жұмыс жасап жатырған 10 жеке кәсіпкер және 26 шаруа қожалықтары бар. Осы шағын және орта бизнес өкілдерінде 151 адам тұрақты және маусым жұмыстар атқаруда. Осының ішінде шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы саласында мал өсіру, мал азығын дайындаумен айналысса, 10 жеке кәсіпкер азық-түлік тауарларын сатумен және киім-кешек сатумен айналысып халыққа қызмет жасауда. Округ бойынша 2014 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының ІІ бағыты «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын және тірек ауылдарды дамыту» аясында жеке кәсіпкер Айгожина Ағырыс құс шаруашылығын дамытуға 700 000 тенге көлемінде несие алып, 1 адамды жұмысқа алып жұмыс жүргізді. 2017-2018 жылдары округ бойынша жеке қосалқы шаруашылықта мал бордақылау алаңын құру мақсатында 6 адам аудан орталығындағы «Қаратөбе 2017» ауылшаруашылық өндірістік коперативі мүшелігіне еніп, «Береке»  бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 14 000 000 теңге несие алып жұмыстануда.  «Игілік» бағдарламасы бойынша 1 адам 4 5000 000 теңге несие алып жұмыстануда. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту мақсатында  «Бизнес регион » бағдарламасымен несие алып жұмыстануға 2 адам ниет білдіріп, құжаттарымен жұмыстануда.

   

 

Білім беру саласы

Округтегі Жамбыл ОЖББМБ және Ханкөл ОЖББМ мектептерінде 2017-2018 оқу жылында 209 оқушы, мектеп алды даярлық тобында 23 оқушы білім алуда. Осы мектептерде 54 мұғалім, 54 кіші қызметкер жұмыс жасайды. Биылғы  2017-2018 оқу жылы қорытындысы бойынша екі орта мектепті 16 оқушы аяқтап, 7  оқушы ҰБТ-ға қатысты. Нәтижесінде Жамбыл орта мектебі – 808%, Ханкөл орта мектебі – 95,6 % көрсеткішке қол жеткізді Екі орта мектепте де оқушыларға ыссы тамақ беру жолға қойылған. Барлық мектептер компьютермен қамтамасыз етілген және кең жолақты интернет желісіне қосылған.

   

Мектептер оқу жылына толық даярлықпен келді. Қысқы жылыту маусымына сұйық отынмен қамтылуына тоқталатын болсақ, екі орта мектепте газ жүйесіне қосылған. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы резерві есебінен іс шараларға бөлінген 6 470 000 теңге қаржыға Жамбыл орта мектебінің аумағы 24803 шаршы метр сыртқы қоршауы жаңартылып және мектеп алдына 178 шаршы метр жерге брусчатка

төселенді. Бұл жұмысты «Глобул Техномаркет» ЖШС жүргізіп 8 ауыл тұрғыны уақытша жұмысқа тартылып, жұмыспен  қамтылды.  Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылы Ханкөл орта мектебінің асханасы жазғы демалыс кезеңінде ауыл ақсақалдарының бастамасы мен тас соғылып, облыстық мәслихат депутаты Қ. Мұқановтың демушілігімен цемент, қиыршық тас алынып, ауыл тұрғындарының көмегімен қайта салынып, пайдалануға берілді

Балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуы

Округ орталығы Жусандой ауылындағы мектеп жанындағы балабақшада 25 бүлдіршін және Ханкөл орта мектебіндегі шағын орталықта 12 бүлдіршін тәрбиеленуде.

   

2018 жылы Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында 2018 жылға жоспарланған жобалар ішінен қаңтар айында ауыл азаматы Н. Паңғалиев Жамбыл жалпы орта білім беретін мектеп- балабақшасының ең кішкентай балғындарын қуантып, шаттыққа кенелту мақсатында балабақша бүлдіршіндеріне жүз мың теңгеге спорттық кешен тарту етті.

Денсаулық сақтау саласы

   

Денсаулық сақтау саласында 1 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік акушерлік пункт қызмет көрсетеді. Оларда 1 жоғары білімді дәрігер мен 5 орта медициналық қызметкерлер еңбек етеді. Ауылдық дәрігерлік амбулаторияда телефон байланысы орнатылған және автокөлікпен қамтылған. Амбулаторияда 10 керуеттік күндізгі стационар жұмыс жасайды. Ауру түрлеріне байланысты диспансерлік есепте  тұратын науқастар тиісті жеңілдікпен дәрі-дәрмегін алып, емделуде.       

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында  «Сұлтанбек» шаруа қожалығы жетекшісі Ж. Матжанов Жусандой ауылдық дәрігерлік амбулаториясына 200 000 теңге көлемінде қажетті құрал жабдықтар алып берді.

Мәдениет саласының жұмысы туралы

Округ тұрғындарын қамтуда 2 кітапхана, 2 мәдени демалыс орталығы жұмыс жасайды. Кітаппен өсіп, рухани нәр алған әр оқырман кітапхананы - білім, мәдениет ошағы ретінде құрметтейді. Жусандой ауылындағы №3 кітапхана 2015 жылы заманауи құрал жабдықтармен жабдықталып модельді кітапхана болып қайта ашылды. Округтегі кітапханалардағы кітап қоры жылма-жыл көбейіп келеді. Сонымен қатар аумақтағы клуб, кітапхана және ауылдық жастар ұйымы бірлесіп атаулы мерекелерді  үнемі нәтижелі өткізіп отырады Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында  2018 жылдың ақпан айында «Талапкер» шаруа қожалығының жетекшісі А. Казиев Ұлы Жеңістің 55 жылдығы атындағы саябаққа «Гүлденіп көркейе бер, Жусандыойым » атты белгі орнатты. Жоба құны 300000 теңге.

   

   

Округтің газ,  таза сумен қамтылуы

Округ аумағындағы Ханкөл елді мекеніндегі 104 үйге «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде таза су құбыры тартылып, халық игілігін көруде.  Жусандой ауылына ауыз су жүйесін жүргізу ұшін ЖСҚ  дайындауға ұсыныс енгізіліп, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі ЖСҚ дайындау жұмыстармен жұмыстануда.

2014-2016 жылдары аралығында Жусандой ауылдық округі толығымен көгілдір отынға қосылып, 2018 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 150 тұрғын үй, 2 дүкен, 7 әлеуметтік нысан кһөгілдір отын пайдалануда.