Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрініс тапқан «Туған жер» бағдарлмасы аясында Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев Орал қаласындағы «Ару-Ана» мейрамханасында Қаратөбе өңірінен шыққан бір топ жерлес кәсіпкерлермен кездесті.
Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында жеке кәсіпкерлердің кәсібінің белсенді дамуы, олардың қоғамдық өмірге жоспарлы түрде араласуы айқын көрініс тауып келеді. 
Ұлт Көшбасшысы кәсіпкерлерге «Туған жер» бағдарламасы арқылы туған жерге қомқорлықтын артуына даңғыл жол тауып берді.
Орал шаһарында аудан басшысы Жанат Асылханұлының бастамасымен шағын және орта кәсіпкерлік жетекшілерінің басын қосудағы мақсат – ел болашағы үшін келелі мәселелерді бірге, ақылдаса отырып шешу, елді өркендету ісіне кәсіпкерлерді белсендігін арттыруға негізделді.
- Қаратөбе ауданы алдағы жылдарда кәсіпкерлер үшін тиімді орталық бола алады. Ол үшін сіздермен біздер тығыз қарым-қатынаста жұмыстанып, кәсібімізді бір орталықта шоғырландыруымыз қажет.
Аудан экономикасын дамыту – баршамыздың жұмыла көтеретін жүгіміз. Ол үшін әр бір азамат бизнесті шағын істерден бастауы керек. Ендігі қадам осынау кәсіп иелерінің басын қосып, туған жеріміздегі шағын және орта бизнесті дамыту болмақ, - дейді аудан әкімі Жанат Асантаев. 
Жиын барысында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Бозов шағын және орта кәсіпкерлік жетекшілеріне аудандағы бос жер телімдерінің, кәсіпкерлердің жай-күйі туралы слайд түрінде қысқаша таныстырып өтті.
«Омар» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Асхат Омар аудан орталығында жиһаз кәсібін ашпақ ниетте екендігін жеткізсе, «ДЕМ» минералды сусын цехының басшысы Сержан Ашығалиев алдағы уақытта шырын сусындарын өндіріп, кәсібін кеңейтпек екендігі жөнінде өзіндік ойын ортаға салды. 
- Бүгінгі бас қосу – үлкен істердің бастамасы. Туған жерді көркейтіп дамыту – біздің міндетіміз. Алдағы уақытта ауқымды түрде кәсіпкерлердің құрылтайын өткізіп, қаншалықты кәсіп көзін ашатындығымызды нақты айқындап алуымыз қажет, - дейді «Тәжіғалиев» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Жарқын Тәжіғалиев.
Аталмыш кездесу барысында кәсіпкерлік саласындағы түрлі мәселелер талқыға салынып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. 
Аудан басшысы қолдау білдіруге қашанда әзір, ең бастысы кәсіпкерлер нақты шешім шығарса, өңірімізідің тасы өрге домалайтындығы сөзсіз. 
Аталмыш кездесуге қатысқан іскер азаматтардың ой-пікірлерінен аяулы мекенге деген ыстық ықылас пен туған жерге деген жанашырлық байқалды.