Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп нақты айтқан болатын. Егіндікөл ауылының азаматы, «Өтебаш» шаруа қожалығының жетекшісі Жүсіп Жайғалиев өзі білім алған Егіндікөл жалпы орта білім беретін мектебіне қолұшын беріп, көмек көрсетті.
– Өткен оқу жылының соңында Егіндікөл жалпы орта білім беретін мектебінде музыкалық аппарат істен шығып, көптеген іс-шараларды музыкалық құрал-жабдықтың сүйемелдеуінсіз өткізуге тура келді, - дейді мектеп директоры Ақмарал Мұқанова. 
Осылайша, мектеп директоры Ақмарал Ораққызы «Өтебаш» шаруа қожалығының жетекшісі Жүсіп Жайғалиевпен сөйлесіп, мектепте музыкалық күшейткіш аппаратының істен шыққандығын, «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, мектепте өнерлі де музыкалық қабілеті бар оқушылар көп оқитындығын жеткізген. Жағдайды түсінген жанашыр азамат Жүсіп мектепке қажет музыкалық жабдықты алып беруге уәде берген. 
Әр жылдары мектеп бітірген түлектер алтын ұя мектебіне келіп, балалық шақтарына саяхат жасап, сағыныштарын басып тұрады. Мектеп түлектері білім ордасының ауласын абаттандыруға және қамқорлық танытса нағыз елжандылықтың үлгісі болмақ.
Іскер азамат Жүсіп Өтебашұлы Ұстаздар мерекесі қарсаңында өзі уәде еткендей, білім ордасына музыкалық күшейткіш аппаратын сыйға тартты. 
– Өз қалтасынан қаражат бөліп, мектеп өміріне бей-жай қарамайтындығын көрсетіп, көпке үлгі болатындай сауапты іс жасады. Біз Жүсіп Өтебашұлына зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, осындай ел мүддесін ойлайтын арда азаматтарымыз көп болғай. Барша оқушылар жомарттық танытқан ауыл азаматына дән риза. Өнерлі өрендеріміз биіктерден көрінсе, нәтижелі жұмыстың бастауына үлкен қамқорлықтың сеп болары бізді қуантады, - дейді мектеп директоры Ақмарал Ораққызы.