Елбасы бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ізгілікті істердің көптеп қолға алынуы көңіл қуантады. Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылының тумасы, елжанды азамат Жарқын Тәжіғалиев туған ауылына шынжыр табанды «ДТ-75» тракторын сатып әперді.
Айта кету керек, егіндікөлдіктер көктем, күз, қыс айларында жол қиыншылығын көп көретін-ді. 
Кәсіпкердің елге тарту еткен техникасы ауылішілік көше жолдарын қардан тазалауға, сондай-ақ ауыл тұрғындарының облыс орталығы мен ауданға қатынауға қиындық келтіретін Көскөл-Егіндікөл ауылдарының арасын жалғайтын қатқыл жолды тазартып тұру мәселесін ендігі жерде түбегейлі шешпек. 
Ауыл халқы үшін қыс мезгілінде аса маңызға ие шынжыр табанды «ДТ-75» көлігін Ақтөбе қаласынан жеткізілген. 
Табиғаттың дүлей бораны мен аязында ауыл халқының жол азабын көрмеуіне жанашырлық танытқан жомарт жүрек азаматқа ауылдастарының айтар алғысы шексіз. 
Еске саларлығы, кәсіпкер азамат Жарқын Серікұлы өткен жылы Егіндікөл ауылындағы ҰОС-нан оралмаған боздақтарға арналған ескерткішті жаңғыртып, айналасын абаттандыруға көмек берген болатын. Оның сыртында жыл сайын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Балбұлақ» балалар бақшасында тәрбиеленетін 30 бүлдіршінге жаңажылдық қоржын табыстауды да дәстүрге айналдырған. Оған қосар тағы игі іс - биылғы жылы Егіндікөл ауылында жаңадан салынған саябаққа түрлі мерекелік шаралар өткізуге арналған жазғы сахна-театр алаңын іске қосылуы.