Қаратөбе ауданының негізі 1928 жылы құрылған. Қаратөбе ауданы - облыстың оңтүстік шығысында орналасқан әкімшілік бөлік. Атырау облысының Қызылқоға, Ақтөбе облысының Ойыл аудандармен шектесіп жатыр. Жерінің аумағы -10,0 мың ш м2. Аудан жері Орал маңы үстірті мен Каспий маңы ойпатының солтүстік шығыс бөлігін қамтиды. Ауданның ең биік жері солт.-шығысында (Қалпақтау, 244 м). Солтүстік шығыстан бастап, оңтүстік батысқа қарай біртіндеп төмендеуі байқалады. Егіндікөлдегі Аққұм алқабы төменгі жер деңгейінен 100 - 140 метр биікке орналасқан. Жері негізінен қызыл қоңыр топырақты, оңтүстігінде аздап сор, сортаң топырақты жерлер кездеседі. Аудан аумағынан 242 шақырымды құрайтын Қалдығайты өзені ағып жатыр. Ауданның климаты тым континенттік, солтүстігі қоңыржай континентті ылғалы тапшы зонада орналасқан. Қысы суық, ұзақ, жазы ыстық. Қаңтарда орташа температура - 14,40 С, шілдеде +24,30С. Жауын орташа (30 мм) жылдық 214 мм. Қыс ерекшелігі бойынша қатал. Оңтүстігі қоңыржай континентті, жазы жылы, құрғақ климатты зонада орналасқан.

Аудан орталығы Қаратөбе ауылында орналасқан. Облыс орталығымен ара қашықтығы - 260 шақырымды құрайды. Негізгі экономикалық бағыты - мал шаруашылығы, соның ішінде қой, етті бағыттағы ірі қараны дамыту, жылқы шаруашылығы. Ауданда сегіз ауылдық округ, 16 294 халық бар.

Туристік және тарихи байлықтарға келетін болсақ Ең мол байлығы-тұщы суы. Жер қойнауынан бор кені және құрылыс материалдары барланған. Ақбалшық, цемент, қиыршық құм, сланец (пісіп жетілмеген көмір), қиыршық және қатты тас бар. Өсімдігі ақселеу, бетеге, бидайық, сарсазан, бұйырғын, ақсора, тікен шөп, шисабақ, қалампыр, гүлкекіре, қырықбуын, кірпібас, бөденешөп, ажырық, таспа, мия, бадамша, қараған, аққаңбақ кермек, әрем, түймедақ, еркекшөп, шығыр, боз, есекмия, қоңырбас, қарабарақ, көкпек, мүк, аратіс, усасыр, сорақ, торғайоты, ақмамық, айрауық, меңдуана, қорған, ши, сүттіген, қызғалдақ, сарғалдақ, гүлді шөптер, екпе гүлдер т. б. Емдік шөптері: жусандар, алабота, шайқурай жапырақтары, сары мия, киік оты, адыраспан, андыз, шілік, итмұрын, қалмақ, қояншөп, сарымсақ, құмаршық, қымыздық, т.б. Ағаш тектілері: шырша ағашы, арша, қайың,аққайың, өрімтал, қаратал, көктерек, қарағай, қара ағаш, алма ағашы, бүлдірген,тал, долана, қамыс, жыңғыл, қараған, құрақ, қоға, тобылғы.

Тоғайлар:  Талтоғай, Едіге тоғайы, Мүсірәлі тоғайы, Нұрекен тоғайы, Қален тоғайы, Қарағаш, Қаратал, Зәшітал. Жануарлар дүниесі: саршұнақ, кесіртке, жылан, жасыл нааб, тас шыбыжық, үй тышқаны, көртышқан, атжалман, қосаяқ, құмтышқаны; топырақ қабатында: аяққұйрық, кене, қара және ала қоңыздар, көбелектер, қара күйе, кандала, бүйе, инелік, құмырсқа,  бұлан, киік, ақбөкен, қабан, қоян, елік; олардың жыртқыш сүт қоректілер тобы, яғни  аңдары: қасқыр, түлкі, қарсақ, жабайы шошқа, күзен, ақкіс, борсық, қабан, құлан, аққалақ - жыртқыш сүт қоректілер тобы. Құстар: шіл,бөдене, бозторғай, аққу, қаз, үйрек, тауық, күркетауық, қарылғаш, дуадақ, безгелдек, тырна, күйкентай, бөктергі,ақ құйрықты қарақұс, қаршыға, дала қыраны, қарақұс, лашын, үкі, жапалақ, су үйрегі, құтан, шағала, ақ тұмсық қарға, қара торғай, қасқалдақ, қызғыш, әупілдек,көкек, құрқылтай; Балықтар: шортан, сартұқыш, қарабалық (линь), табан балық, ақбалық, итбалық, сушаяны, сүлік. қосмекенділер: бақа, аусыл,сұр кесіртке, дала жыландары, су жыланы, тасбақа т.б. мекен етеді. Өзендері: Аудан жерімен Қалдығайты өзені, оның салалары: Баянас, Жарлы, Өзек, Мантай; Жақсыбай өзені, оның саласы Қуағаш, Шилі;  Бұлдырты өзендері ағып өтеді. Дала көлдері: Сулыкөл, Қоржын, Шөптікөл, басқа да Қоскөл, Ақбақай, Батпақкөл, Егіндікөл көлдері бар. Емдік балшықты тұзды көлдер: Үлкен Айна, Жетігенсор, Соркөл, Үлкенсор, Кішкентай, Ащықара, Көкеменсор, Жібек, Көпбай, Түздыоба, Шақабай, т.б. 30 - ға жуық көлдер бар. Тауы: Қалпақтытау, Есенаман тауы. Құм: Аққұм, Көкөзекқұм, Қарағандықұм, Айқайшағыл, Есіргемесшағыл, Көктөбе. Аудан жерінде 101 археологиялық ескерткіштер бар. Қоғамдық саяси мәні бар 11 ескерткіш. Олар: М.Мерәліұлы, Б.Қаратаев, Ғ.Құрманғалиев, «Даңқ Мемориалы» және округ орталықтарындағы соғыстан оралмаған боздақтарға арналған стелла - ескерткіші. «Қаратөбе съезі» деген атпен белгілі болған Орал қазақтарының 1918 жылы 18 ақпанда үшінші съезі өткен орынға орнатылған ескерткіш тақта.

Қаратөбе топырағында қазақтың халық композиторы, әнші, ақын, күйші-домбырашы Мұхит Мерәліұлы; қазақтың алғашқы юрисі, демократ Бақытжан Қаратаев, ғалым академиктер Қажым Жұмалиев, Тілеужанов Мәтжан, Рахымжан Елешев, әнші-композиторлар Ғарифолла Құрманғалиев, Ескендір Хасанғалиев, ақын-жазушылар Берқайыр Аманшин, Құрманғазы Қараманұлы  туып  өскен.

  

Байланыс мәліметтері

Заңды мекен жәйі: Қаратөбе ауылы, Құрманғалиев көшесі №19.

Пошталық индексі - 090800.

Аудан сайтының мекенжайы:  http://www.karatobe-bko.gov.kz